25 мамыр күні Alpamys School қабырғасында қуаныш пен толқынысқа, жүрекке жылы естеліктер мен үлкен үміттерге толы Соңғы қоңырау мерекесі өтті.
«Арманға жетелейтін қоңырау» атты салтанатты іс-шара мектептің үшінші түлектері үшін ерекше күнге айналды. Биыл мектеп қабырғасынан өздерін танытып үлгерген, талапты, талантты, мақсатшыл 29 түлек қанат қағып ұшқалы отыр.
Олардың қатарында халықаралық және республикалық олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жүлдегерлері, әлемнің жетекші университеттерінің грант иегерлері бар:
— Бақытжан Әмірхан — ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер, TEDx конференциясының қатысушысы, математика және робототехника олимпиадаларының жүлдегері;
— Абдрахман Ерали — баскетболдан облыстық, республикалық және халықаралық турнирлердің күміс жүлдегері, STEM олимпиадасының қатысушысы;
— Қалығазина Рамина — математика пәні бойынша республикалық олимпиадалар жүлдегері, Ұлыбританиядағы Coventry University университетінің 15 000 АҚШ доллары көлеміндегі грант иегері;
— Таласпаева Даяна — математикадан қалалық олимпиада және жүзу жарыстарының жүлдегері, Xi’an Jiaotong University университетіне оқуға қабылданған түлек және т.б.
Мерекелік шараны мектеп директоры Мейрам Жәкенов ашып, 2025–2026 оқу жылындағы оқушылардың оқу, спорт және шығармашылық жетістіктерінің жоғары деңгейін атап өтті. Оның жүрекжарды сөздері түлектерге жаңа өмір жолына бағыт берер ақ тілекке айналды.
Салтанатты шарадағы ең жарқын сәттердің бірі — «Alpamys School Awards – 2026» беделді марапаттау рәсімі болды. «Жыл оқушысы», «Жыл белсендісі», «Жыл спортшысы», «Жылдың үздік оқырманы», «Жыл зерттеушісі» және «Өнер жұлдызы» номинацияларының жеңімпаздарын «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Bristol University Computer Science магистрі, Astrobot робототехника және бағдарламалау мектебінің негізін қалаушы әрі директоры, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалінің иегері Маханов Ғизат Чиназбекұлы құттықтады.
Мерекенің ерекше көркін мектептің би студиясының шығармашылық нөмірлері толықтырды. Түлектер орындаған әсерлі вальс — балалық шақпен қоштасудың әсем әрі символдық сәті болды.
Нағыз тосынсый «Приключения Электроника» фильмінің кейіпкерлерінің кұттықтаулары болды. Мектеп оқушысы Сыроежкин мен оның андроид-егізі — AI-көмекші түлектерге мектеп логотипі мен «Мақсаттан тайма» деген жазуы бар символикалық сыйлық — компас, тұсбағдар табыс етті. Бұл сыйлық өмірлік жол, таңдау және арманға адалдықтың нағыз символына айналды.
Соңғы қоңырау соғу құрметі оқу озаты, 11F сынып оқушысы Қуантханов Әлиханға, 11A сынып оқушысы Бақытбек Аружанға, 1M сынып оқушысы София Кимге және 1F сынып оқушысы Серікбек Исламға берілді.
Мереке фотосессиялармен жалғасып, алдағы емтихандарға сәттілік тілеген жүрекжарды жылы лебіздерге ұласты.
Алға, Alpamys School түлектері!
Сіздердің жолдарыңыз енді ғана басталды, Осы үлкен жолда ішкі компастарыңыз адастырмай, әрқашан асқақ армандарыңызға жетелесін!