ЗЕРТТЕ. ІЗДЕН. ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТ!

Басты бет / Зерттеу қызметі

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖОБАЛАУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ ҚЫЗМЕТІ

 Alpamys school Академиялық саясатына сәйкес мектептің әрбір оқушысы ғылыми зерттеу жұмыстарына қатысады.

Жыл сайын оқушылар білімнің жаңа көкжиектерін ашып, зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурстарына өз идеяларын ұсынады.

Жобалар әртүрлі форматта: зерттеу жұмысының толық мәтіні, ғылыми мақала (жұмыс барысының сипаттамасы), зерттеу жоспары, тезистер, стендтік баяндама (көрнекі материалды, мәтін мен иллюстрацияларды ресімдеу), проблемалық сипаттағы реферат, компьютерлік бағдарлама, бағдарламаны сипаттайтын макет, сондай — ақ бейне-аудиоматериалдар және т. б. түрінде ұсынылады.

Alpamys school Академиялық саясатының мақсаттарына сәйкес мектепте оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік ойлауын ынталандыруға бағытталған:

  • Мектепішілік ғылыми жобалар байқауы;
  • Идеялар Жәрмеңкесі;
  • Қағаз ұшақтарды ұшыру чемпионаты;
  • «Титандар шайқасы» — қолдан құрастырылған автомашиналар жарысы;
  • Экологиялық жобалар байқауы жүйелі ұйымдастырылады.

 

Жеңімпаз жобалар қалалық және республикалық конкурстарға қатысуға мүмкіндік алады, жұмыстарды одан әрі жетілдіре түсу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылады.

 

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ҚАТЫСАТЫН ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖОБАЛАР БАЙҚАУЛАРЫ МЕН ЖАРЫСТАРЫ:

  • 8-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар (ғылыми жарыстар) конкурсы;
  • 2-7 сынып оқушыларының «Зерде» ғылыми жобалар мен шығармашылық жұмыстарының ұлттық конкурсы.
  • 5-8 сынып оқушыларына арналған «ProEco» республикалық экологиялық жобалар конкурсы;
  • 1-11 сынып оқушыларына арналған «FirstRobotics» робототехника бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсы;
  • «Roboland»робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалі;
  • 9-10 сынып оқушыларына арналған «Менің кіші Отаным» жас тарихшылардың республикалық зияткерлік байқауы.

 

ЖОБАЛЫҚ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ ҚЫЗМЕТІ БІЛІМ АЛУШЫЛАРҒА НЕ БЕРЕДІ?

Зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар оқушылардың негізгі құзыреттіліктерін дамытуда маңызды рөл атқарады. Олар сыни ойлауды, шығармашылықты және командада жұмыс істеу қабілетін дамытуға ықпал етеді. Мұның бәрі оқушыларды өзін-өзі дамытуға және жетістікке жетуге шабыттандыратын, ынталандырушы білім беру ортасын құруға бағытталған Академиялық саясатымыздың ажырамас бөлігі болып табылады.

 

Белсенді оқуға ынталандыру: зерттеу қызметі мен шығармашылық жобалар білім алушыларды алған білімдерін іс жүзінде қолдануға, белсенді оқуға және оқу материалын терең түсінуге ынталандырады.

Сыни ойлауды дамыту: жобалармен жұмыс жасау барысында оқушыларға ақпаратты талдауға, гипотезаларды тұжырымдауға, шешім қабылдауға және нәтижелерді бағалауға тура келеді. Бұл сыни тұрғыдан ойлауды және негізді қорытындылар жасау қабілетін дамытуға ықпал етеді.

Шығармашылық ойлауды қолдау: шығармашылық жобалар оқушыларға өз идеялары мен шабытын шығармашылық жұмыс  арқылы көрсетуге мүмкіндік береді, қабілеттерін дамытып, өзіне деген сенімділігін арттырады.

Нақты міндеттерді шешуге дайындайды: ғылыми жобалармен жұмыс жасау барысында білім алушылар қиындықтар мен проблемаларға кезігеді, бұл қиындықтар оларға нақты мәселелерді шешуге, қарым-қатынас және ынтымақтастық дағдыларын дамытуға жол ашады.

Оқуға деген ынтаны арттырады: ғылыми жобалар мен шығармашылық жұмыстарға қатысу оқушылардың оқуға деген ынтасын едәуір арттырады, өйткені олар өз еңбектерінің тікелей нәтижелерін көреді және өздерін білім беру процесінің белсенді қатысушылары ретінде сезінеді.

 

ЖАҢАЛЫҚ АШУ ЖОЛЫНДА

жас зерттеушілерге арналған жадынама

 Зерттеу тақырыбын таңдаңыз:

Сізді қатты қызықтыратын немесе оқу пәндерімен байланысты қызықты тақырыпты таңдаңыз.

Зерттеу  мақсатын анықтаңыз:

Зерттеу арқылы нені анықтағыңыз немесе дәлелдегіңіз келетіні жайлы Өзіңізге сұрақ қойыңыз.

Қандай сұрақтарға  берілген жауаптар сізге зерттеу тақырыбын ашуға көмектесетінін ойластырыңыз:

Зерттеу барысында жауап іздейтін негізгі сұрақтарды  нақты тұжырымдаңыз.

Өз болжамдарыңызды (гипотезаларды) жасаңыз:

Зерттеу барысында не болатынын болжап, қандай нәтиже күтетініңізді анықтаңыз.

Қойылған сұрақтарға қалай және қайдан жауап іздейтіндігіңізді шешіңіз.

Зерттеу әдістерін таңдаңыз: сұхбат, сауалнама, әдебиеттерді талдау, эксперименттер мен тәжірибелер жасау, бақылау жүргізу және т. б.

Әр түрлі ақпарат көздерімен жұмыс жасап, сұрақтарыңызға жауап табыңыз:

Әр түрлі көздерден жиналған ақпаратты талдаңыз.

Ақпараттың дұрыстығы мен өзектілігіне назар аударыңыз.

Қорытынды жасаңыз:

Алынған нәтижелерді сипаттаңыз және жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижелерін рәсімдеңіз:

кіріспе, зерттеу әдістемесі, нәтижелер, қорытындылар сияқты бөлімдерден тұратын құрылымды қолдана отырып, орындалған жұмыс туралы есеп дайындаңыз.

 

Жүргізілген зерттеу жұмысымен таныстыратын  қысқаша баяндама дайындаңыз.

Зерттеудің негізгі ойлары мен нәтижелерін бөліп көрсетіңіз.

Аудитория алдында сөйлейтін сөзіңіздің қысқаша мазмұнын дайындаңыз.

Зерттеу жұмысы шыдамдылықты, жүйелілікті және зерттелетін тақырыпқа қызығушылықты қажет ететінін ұмытпаңыз.

ЗЕРТТЕУ ҚЫЗМЕТІН ЖОБАЛАУ

ЖОБА ТАҚЫРЫБЫ

Жоба тақырыбы зерттеудің негізгі идеясын, мотивін, бағыттарын көрсетуі керек. Тақырыпты тұжырымдау кез-келген зерттеудің бастапқы және өте маңызды кезеңі болып табылады.

Тақырып көпшілік үшін өзекті болуы керек, яғни, ол іс жүзінде пайдалы және ғылыми қызығушылық тудыруы керек. Тақырыптың қысқа, түсінікті тұжырымдалғаны жақсы. Сонымен қатар тақырып жұмыс мазмұны туралы мүмкіндігінше көп ақпарат бергені дұрыс. Оқушылардың жиі жіберетін қателігі – жалпылама тақырыптарды таңдауы. Тақырып ауқымды болған сайын, қол жетімді материалдардың көптігіне байланысты толықтай өңделмей, зерделенбей, үстірт жасалған жұмыс болып шығады. Нақты тақырыптағы жұмыстар неғұрлым терең және егжей-тегжейлі әзірленеді.

Зерттеу тақырыбын таңдауда оқушы бірнеше ережелерді басшылыққа алуы керек:

  • тақырып оқушының бейіміне, қызығушылығына сәйкес қызықты, тартымды болуы керек;
  • тақырып орындалатындай болуы керек, сондай ақ, зерттеу жұмысы орындаушыға жаңа пайдалы білім, қабілеттер мен дағдылардың, ақыл-ойдың дамуы сияқты пайдалы әсер әкелуі керек.
  • тақырып ерекше, назар аудартатындай, таң қалдыратындай, қарапайым заттар мен құбылыстарды басқа қырынан көрсететіндей болуы керек.

Тақырыпты қалай таңдауға болады? Ол үшін мына сұрақтарға жауап беріңіз:

  • Мені не қызықтырады?
  • Мен алдымен не істегім келеді?
  • Бос уақытымда не істеймін?
  • Мен қандай пәндер бойынша ең жақсы баға аламын?
  • Мектепте оқыған қай саланы тереңірек білгім келеді?
  • Мен ерекше мақтан тұтатын нәрсе бар ма?

ӨЗЕКТІЛІГІ

Кез-келген зерттеудің бастапқы кезеңі — таңдалған тақырыптың өзектілігін дәлелдеу. Алайда жұмыстың маңыздылығы туралы берілген түсінік қысқа болуы керек. Ең бастысы — проблемалық жағдайдың мәнін көрсету, зерттеу неліктен жүргізіліп жатқанын түсіндіру. Проблемалық жағдайды қалыптастыру – іске кірісудің маңызды бөлігі болып табылады.

Зерттеу мәселесін тұжырымдау дегеніміз — зерттеу тақырыбы туралы бұрыннан белгілі және әлі белгісіз нәрсені табу мүмкіндігін көрсету. Тыңдарман мен қазылар алқасының қызығушылығын туғызу маңызды.

Бұрыннан елге етене таныс, «қызықсыз» тақырыптан гөрі, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылатын «қызу тақырыптар» әсерлілек болады. Мысалы, Момышұлының прозасын зерттей отырып, жазушының өмірбаянын зерттеуге қатысты соңғы сілтемелерді табу керек, бұл аудиторияның назарын аударатыны сөзсіз. Маңызды шарт — презентацияда тақырып өзектілік көрсету.

Тақырыптың өзектілігін дәлелдеу үшін сіз келесі сұрақтарға жауап бере аласыз:

  • Неліктен бұл тақырыпты зерттеу қажет?
  • Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл туралы қандай ақпарат бар?
  • Бұл тақырып қоғамда талқыланды ма?

Жоба мақсаты

Зерттеу жұмысының өзектілігін дәлелдеу  жұмыс мақсатын тұжырымдауға жалғасады.

Мақсат — адамның іс-әрекетінен күтілетін нәтиженің саналы бейнесі. Қойылған мақсат нақты және қол жетімді болуы керек. Жұмысқа деген  сұраныс, қажеттілік болуы керек.

Зерттеу мақсатын анықтау дегеніміз – жұмыс не үшін жүргізіледі деген сұраққа жауап беру деген сөз. Зерттеу нәтижелері тек өзіңізді ғана емес, басқа да адамдарды қызықтыруы керек. Оқушыларда жиі кездесетін қателік – бірнеше мақсаттарды қою. Зерттеу бағытында бір ғана негізгі мақсат анықталуы тиіс, ол мақсат автордың тақырыпты ашуға деген сенімін, жұмыстың нақты бағытын көрсетеді.

Мақсатты қалай тұжырымдауға болады?

Мына сұрақтарға жауап беріп көріңіз:

Мен бұл зерттеу жұмысын не үшін орындаймын?

Маған және айналамдағы адамдарға бұл жұмыс қандай пайда әкеледі?

Бұл жұмысты кейін  жалғастыра аламын ба?

Зерттеу нәтижесінде мен өзіме не аламын, неге үйренемін?

Мақсат зерттеуші қандай нәтиже алуға ниетті, оны қалай көреді? – деген сұраққа жауап беруі керек.

 Мақсатқа жету үшін не істеу керек?

Мақсат анықталғаннан кейін шешілетін нақты міндеттерді көрсету керек (зерттеу, сипаттау, белгілеу, табу, формуланы шығару және т.б.).

Міндеттерді көрсету дегеніміз  —  мақсатты кіші мақсаттарға жіктеу немесе құрылымдық бөліктерге бөлу. Көбіне мақсатқа жету үшін көптеген міндеттер қойылады, олар жұмысты жеңілдеткенімен, кіріспе бөлімінің мәнін кетіреді. Маңызды сәт: міндеттерді тұжырымдағаннан кейін олардың логикалық реттілігін, орындалу тәртібін бір тексеріп алу керек. Яғни, А міндеті шешілмей, В міндетін шешу мүмкін емес, сәйкесінше неден кейін не болатыны нақтыланады. (мысалы, графикті құрмай тұрып, графикті талдау мүмкін емес).

Міндеттерді қалай тұжырымдауға болады?

Ол үшін мына сұрақтарға жауап беріңіз:

Мақсатқа жету үшін не істеуім керек?

Маған зерттеу жоспарын жасау қажет пе?

Маған ақпарат көздеріне сілтеме жасау керек пе?

Маған кімдердің көмегі керек?

Зерттеу жұмысын кезең-кезеңімен бөлек жүргізген дұрыс па, әлде барлық бағыттағы жұмысты қатар жүргізуіме бола ма?

ГИПОТЕЗА

Гипотезаны ұсыну кез-келген зерттеудің қажетті атрибуты болып табылады. Гипотеза (грек. hypothesis-құбылыстардың табиғи байланысы туралы негіз, болжам, пайымдау)-кез-келген құбылысты түсіндіруге арналған ғылыми болжам деген сөз.

Бұрын жиналған және талданған бақылаулар, эксперименттер, рефлексия фактілері ерекше, күтпеген нәрсені көруге мүмкіндік береді: түсініксіздік, сәйкессіздіктер, алдыңғы дәлелдер тізбегіндегі қателіктер нәтижесінде мәселе анықталады.

Гипотезалар мәселені шешудің мүмкін нұсқасы ретінде пайда болады. Содан кейін бұл гипотезалар зерттеу барысында тексеріледі. Гипотезаларды құру шығармашылық ойлау процесінің негізі болып табылады.

Гипотезалар сізге жаңа мүмкіндіктер ашуға, проблемаларды шешудің жаңа нұсқаларын табуға, содан кейін ақыл-ой және нақты эксперименттер барысында олардың ықтималдығын бағалауға көмектеседі. Гипотезалар мәселені басқа жағынан көруге, жағдайға екінші жағынан қарауға мүмкіндік береді.

Гипотезалар: сипаттамалық(құбылыстың сипаттамасы болжанады), түсіндірме (оның себептерін ашады), сипаттау-түсіндіру болып бөлінеді.

Гипотезаны тұжырымдау барысында гипотезаның ресми белгілеріне сүйене отырып, оның дұрыс жасалғандығы туралы есеп беру маңызды: қойылған сұраққа жауаптың жеткіліктілігі, сенімділік, яғни осы мәселе бойынша бұрыннан бар білімге сәйкестік.

Гипотезаны  сұраққа жауап бере отырып анықтауға болады: объектіде не анық емес, зерттеуші  объектіден басқалар байқамайтын не нәрсені анықтады?

Гипотезаны қалай тұжырымдау керек? Төмендегі сұрақтарға жауап беріңіз:

Зерттеу нәтижесінде не алғым келеді?

Нәтижені қалай елестетемін?

Мүмкін ол…?

Бұл объектінің белгілі бір қасиеттері бар деп саналады. Ал менің ойымша,…

ҚОРЫТЫНДЫЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ НЕГІЗДЕМЕСІ

 Зерттеуші жұмыстың жалпы интроспекциясын жүргізіп, нәтижелерден жалпы қорытынды шығаруы керек (әр тапсырма бойынша). Егер қорытынды жұмыстың жалпы құрылымынан шықса немесе гипотезаға сәйкес келмесе, онда оны негіздеу қажет. Негіздеме немесе оның болжамы автор күтпеген, гипотезаға сәйкес келмейтін нәтиже алған жағдайда да жүзеге асырылады. Қорытындыларда ғылыми деректер келтірілуі қажет.

Қорытынды құрылымы мына формула бойынша жасалады:

қорытынды = нәтиже + өз ойларыңыз.

Қорытындыларды  оқуға ыңғайлы ету үшін тезистер,  кестелер түрінде жазу тиімді.

Шешімдер  мен нәтижелерді қорытынды ережелеріне енгізіп, оларды дәйектеп, негіздемелермен салыстырған орынды. Қорытындылар міндетті түрде қойылған міндеттерге сәйкес болуы тиіс. Қорытынды  зерттеу мақсаты мен гипотезасына сәйкес келуі керек. Қорытындыда жұмыстың артықшылықтары, көзге көрінген қателіктер, жіберілген кемшіліктерге  де талдау жасалады. Қорытынды көлемі бойынша кіріспеден артық болмауы тиіс. Қорытындылай келе, жұмысқа жалпы баға беру, тақырып бойынша одан әрі жұмыс істеуге басымдық беру, оқырманға қорытындылар туралы өз бетінше ойлауға мүмкіндік беру орынды.

Егер жұмыс қолданбалы болса, онда автор зерттеу жұмысынан туындайтын ұсыныстардың көшірмесін жасай алады. Егер жұмыстың басында гипотеза ұсынылса, онда оның расталғанын жазу дұрыс болады.

 

Баяндама мәтінін дайындау және зерттеу нәтижелері бойынша сұрақтарға жауап беруге дайындалу.

Зерттеу жұмысының нәтижелерін қарастыратын адамдарға өз идеяларын жақсырақ және толық жеткізу үшін баяндама мәтінін дайындау қажет. Баяндама қысқа болуы тиіс және ол төмендегі схемаға сәйкес жасалады:

1) неге бұл тақырып таңдалды;

2) зерттеудің мақсаты қандай болды;

3) қандай міндеттер қойылды;

4) қандай гипотезалар сыналды;

5) зерттеудің қандай әдістері мен құралдары пайдаланылды;

6) зерттеу жоспары қандай болды;

7) қандай нәтижелер алынды;

8) зерттеу қорытындысы бойынша қандай қорытындылар жасалды;

9) осы бағытта әрі қарай не зерттеуге болады.

ЗЕРТТЕУ ЖОБАСЫНЫҢ КОМПОЗИЦИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ

  Зерттеу жұмысының құрылымы келесі бөлімдерден тұрады: титул парағы, аннотация, сілтемелер, қосымшалар.

Титул парағында: жұмыстың атауы, автор (тегі, аты, әкесінің аты, оқу орны, сыныбы) және ғылыми жетекшісі туралы ақпарат (тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы, жұмыс орны).

Аннотация жұмыстың қысқаша сипаттамасы болып табылады және жұмыс туралы маңызды мәліметтерді: жұмыстың мақсаты, жұмыста пайдаланылған әдістер мен тәсілдер, алынған мәліметтер; қорытындыларды қамтиды.

Жұмыстың сипаттамасы

  • Мазмұны
  • Кіріспе
  • Негізгі бөлігі
  • Қорытынды
  • Пайдаланылған әдебиеттер мен әдебиеттер тізімі.

Мазмұн кестесінде жұмыстың негізгі тақырыптары, кіріспе, тараулар мен абзацтардың атауы, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, қосымшалардың атаулары және тиісті бет нөмірлері болуы керек.

Кіріспеде мәселені тұжырымдау, тақырыптың өзектілігін көрсету, жұмысты орындаушының алдына қойылған мақсаттар мен міндеттерді анықтау, пайдаланылған әдебиеттер мен дереккөздерге қысқаша шолу, осы мәселені білу дәрежесі, таңдалған мәселені шешуге жеке үлесінің сипаттамасы болуы керек.

Негізгі бөлімде зерттеуші жинаған және өңдеген ақпарат, атап айтқанда: қарастырылатын негізгі фактілердің сипаттамасы, мәселені шешу әдістерінің сипаттамасы, авторға белгілі бұрын бар және ұсынылатын шешу әдістерін салыстыру, таңдалған шешім нұсқасының негіздемесі (тиімділігі, көрнекілігі, практикалық маңыздылығы және т.б.) болуы тиіс. Негізгі бөлім тарауларға бөлінеді.

 

Қорытынды бөлімде автор алған тұжырымдар мен нәтижелер, одан әрі зерттеу бағыттары және зерттеу нәтижелерін практикалық қолдану бойынша ұсыныстар қысқаша түрде тұжырымдалады.

Әдебиеттер тізіміне автор пайдаланған басылымдар және дереккөздер енгізіледі. Әрбір басылым туралы ақпарат қатаң ретпен: автордың тегі, аты-жөні, басылымның атауы, баспаның шығу мәліметтері, шығарылған жылы, шығарылған № (егер басылым мерзімді болса), беттер санын қамтуы тиіс. Барлық басылымдар нөмірленіп, алфавиттік ретпен орналасуы керек.

Баяндамада негізгі мазмұнмен байланысты болуы тиіс иллюстрациялық материалдар (суреттер, схемалар, карталар, кестелер, фотосуреттер және т.б.) бар қосымшалар болуы мүмкін.

 

ЖҰМЫСТЫ  ҚОРҒАУ.

Баяндамашы өз сөзінің мазмұнын ойластырады, оның мәтінін немесе қысқаша мазмұнын жазады, көрнекі материалдар дайындайды.

Баяндамашының негізгі міндеті – зерттеудің мәнін тұжырымдау және эмоционалды түрде тыңдармандарға жеткізу.

Баяндаманы толық оқып шығудың қажеті жоқ!

Сізді тыңдамауға әсер ететін жағдайлар:

— дұрыс сөйлемеу: өте қатты сөйлеу, анық емес айту, сөздерді бұрмалау, көп мағыналы сөздерді қолдану;

—  өте жай, баяу сөйлеу,

—  дауысты нашар меңгеру: монотондылық, мәнерліліктің болмауы, дауыстап сөйлеу;

— ырғақты түрде ұйымдастырылмаған сөйлеу: ұзақ үзілістер немесе керісінше, үзілістердің болмауы, не тым жылдам, не тым баяу;

— нашар жоспарланған сөйлеу: мәселені жеткіліксіз білу;

— ынта-жігердің болмауы: аудиторияға немқұрайлылық; ым-ишара, мимиканы дұрыс меңгермеу.

ЖОБА ЖҰМЫСЫН БАҒАЛАУ КӨРСЕТКІШТЕРІ:

I нұсқа II нұсқа
  1. Жоба бойынша жұмыстың дербестігі
  2. тақырыптың өзектілігі мен маңыздылығы
  3. тақырыпты ашудың толықтығы
  4. мәселені шешудің өзіндік ерекшелігі
  5. сөйлеу шеберлігі, мәнерлілігі
  6. презентацияда жоба мазмұны қалай ашылды
  7. көрнекілік құралдарын, техникалық құралдарды пайдалану
  8. сұрақтарға жауап
  1. жоба тақырыбының маңыздылығы
  2. мәселені зерттеу тереңдігі
  3. ұсынылған шешімдердің бірегейлігі, өзіндік ерекшелігі
  4. өнімнің орындалу сапасы
  5. презентацияның сенімділігі