1 маусым күні Alpamys мектебінде әлем халықтарының өнеріне арналған «Alpamys ArtCamp – 2026» жазғы лагерінің алғашқы маусымы салтанатты түрде ашылды. Бұл күні 6 мен 12 жас аралығындағы 170-тен астам бала он күнге созылатын қызықты шығармашылық саяхатқа аттанды.
Лагерь барысында қатысушылар әлемнің әр түкпіріндегі халықтардың мәдениетімен және өнер дәстүрлерімен танысады. Олар өнер арқылы адамдардың өз ойларын, сезімдері мен армандарын қалай жеткізетінін біліп қана қоймай, өздерінің бірегей шығармашылық туындыларын да жасайды.
Алғашқы күндерден-ақ лагерь шабытқа, шығармашылыққа және жаңалықтарға толы ортаға айналды. Балалар қызықты квесттерге, ойындарға, шеберлік сабақтарына қатысып, шығармашылық тапсырмаларды белсене орындады, өз қабілеттерін ашуға, қиялын дамытуға және өнердің түрлі бағыттарымен танысуға мүмкіндік алды.
Бағдарламаның әр күні белгілі бір елге және оның мәдени ерекшеліктеріне арналады. Қатысушыларды Италиядағы Венеция карнавалы, Париж сән әлемі, үнді билері, жапондық икебана өнері, Африканың жарқын ырғақтары және басқа да қызықты шығармашылық бағыттар күтеді.
Лагерь бағдарламасының ерекше бөлігінің бірі – әр балаға табысталған «Қатысушының жеке күнделігі». Бұл күнделікте балалар өз жетістіктерін, алған білімдерін және шығармашылық табыстарын белгілейді. Белсенділігі, бастамашылдығы және іс-шараларға қатысқаны үшін оларға лагерьдің арнайы валютасы – «alpik coin» беріледі. Маусым соңында бұл валютаны түрлі сыйлықтарға айырбастауға болады.
Лагерь бағдарламасы шығармашылықпен қатар балалардың жан-жақты дамуына да бағытталған. Күн сайын ағылшын тілі сабақтары, спорттық ойындар, жүзу және түрлі шығармашылық шеберханалар өткізіліп, әр күнді қызықты, пайдалы әрі есте қаларлық етеді.
Маусым соңында барлық қатысушыларға жаңа білімнің, жинақталған тәжірибенің және шығармашылық жетістіктердің белгісі ретінде сертификаттар табысталады.
Біз «Alpamys ArtCamp – 2026» лагерінің балаларға жарқын әсерлер, жаңа достар және мол шабыт сыйлайтынына сенімдіміз. Лагерьде алған білімдері мен дағдылары олардың дүниетанымын кеңейтіп, шығармашылық ойлауын дамытады, өнердің ғажайып әлемін тереңірек тануға көмектеседі.