Мектебіміздің 3 «В» сынып оқушысы Глотов Айсултан жақында өткен «Зерде» республикалық зерттеу және шығармашылық жобалар байқауының республикалық кезеңінде жүлделі орын иеленіп, III дәрежелі дипломмен марапатталды.
Айсұлтан математика пәнін ерекше қызығушылықпен оқиды. Ол өз жас деңгейінен жоғары, күрделі математикалық есептерді еркін шығарып, зеректігімен танылған бала.
Байқауға ұсынған зерттеу жобасында Айсултан комбинаторикалық есептерді шешудің негізгі әдістерін тәжірибе арқылы көрсетті. Ол мектеп асханасындағы күнделікті таңғы ас мәзірінің 9 түрлі нұсқасын, сондай-ақ мектеп формасын киюдің әртүрлі комбинацияларын есептеп шығарып, математикалық тәсілдердің күнделікті өмірде қалай қолданылатынын дәлелдеді.
Сонымен қатар Айсултан өз қолымен екі түрлі калейдоскоп құрастырып, олардың ішіндегі моншақтардың 6720 түрлі симметриялы өрнек жасай алатынын анықтады. Осы тәжірибесі арқылы ол математика мен өнердің өзара байланысын айқын көрсете білді.
Айсұлтан — әр құбылыстың сырын білгісі келетін, үнемі ізденіс үстінде жүретін зерек оқушы. Ол айналасындағы дүниеден математиканы табуды жақсы көреді: автобус билеттеріндегі сандарды зерттеп, QR-кодтардың қалай құрылғанына қызығушылық танытады.
Өз жобасы арқылы Айсултан зерттеушілік ойлау қабілетін, шығармашылық әлеуетін айқын көрсетті.
Біз Айсултанды жетістігімен құттықтаймыз және алдағы ізденістеріне сәттілік тілейміз!