Бүгін Alpamys School жаңа оқу жылына есігін айқара ашты. Бұл — жаңа кездесулер, жаңалықтар, жеңістер мен үлкен мақсаттарға бастайтын жаңа белестің бастауы.
Мерекелік күн Білім күніне арналған «Армысың, алтын ұя, мектебім!» атты салтанатты жиынмен басталды. Бүгін мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер мен мектебін екінші үйіндей көретін оқушылар бір алаңда бас қосты.
Биылғы Білім күні ерекше мәнге ие болды. Оның басты тақырыбы — экологиялық мәдениет пен жауапкершілік — Конституциямызда айқындалған маңызды құндылықтардың бірі.
Өйткені таза ел алыста басталмайды. Ол әрқайсымыздан — өз үйімізден, сыныбымыздан, мектебімізден және қаламыздан басталады.
Құттықтау сөзінде Alpamys School директоры Мейрам Жакенов мектеп жетістіктерін тоқталып, оқушыларға алдына батыл мақсаттар қойып, жаңаны ашуға, күн сайын алға қадам басуға тілек білдірді.
Ал одан кейін баршаға ерекше мақтаныш сыйлаған сәт келді. Мектебіміздің намысын интеллектуалдық және шығармашылық байқаулар мен олимпиадаларда абыроймен қорғаған оқушыларға лайықты марапаттар табысталды. Мектеп директоры Мейрам Жакенов пен мерекелік шараның қонағы Лариса Борисовна Мельник жүлдегерлерді құттықтап, оларға жаңа жеңістер тіледі.
Ал ең кішкентай кейіпкерлеріміз үшін бұл күн нағыз шытырман оқиғаға айналды.
Бірінші сынып оқушыларын құттықтауға Өрмекші адам, Халк және Алпамыс батыр келді. Олар балаларға нағыз күштің суперқабілетте ғана емес, өзгелерге көмектесу, қорғау және қамқор бола білуде екенін еске салды.
Әрбір бірінші сынып оқушысына өсімдік өсіруге арналған «сиқырлы» жиынтық табысталды. Тұқым егу, оған күтім жасау және алғашқы өскіннің пайда болғанын көру — олардың мектептегі алғашқы, шағын болса да, өте маңызды жасыл қадамына айналды.
Мерекелік шара домбырашылар ансамблінің өнерімен, бірінші сынып оқушыларының әні мен биіне ұласты. Ал алғашқы қоңырау үні естілген сәтте жаңа оқу жылының ресми түрде басталғаны анық сезілді!
Ал мерекелік күн экологиялық бағдарлама аясында өз жалғасын тапты.
6–8 және 10-сынып оқушылары үшін «Тамшы» Экофорумы өтті. Бұл — экологиялық мәдениет, жауапкершілік және қоршаған ортаны қорғауға әр адамның қосар үлесі туралы ой бөлісетін алаң болды.
Үшінші сынып оқушыларын GREEN STEP FEST Экофестивалі біріктірді. Мұнда экологиялық идеялар шығармашылыққа, белсенділікке және қызықты жаңалықтарға ұласты.
Ал барлық сыныптарда «Таза Қазақстан: Конституция құндылықтары – экологиялық мәдениет пен жауапкершіліктің негізі» тақырыбында Бірыңғай сынып сағаты өтті.
Бұл шара баршамызға қарапайым, бірақ маңызды ойды тағы бір мәрте еске салды: табиғатқа деген қамқорлық күнделікті әрекетімізден басталады.
Әрине, алғашқы мектеп күні тек естелік болып қана қоймай, фотосуреттерде де сақталуы тиіс. Ата-аналар, қонақтар мен оқушылар мерекелік фотозонада қуанышты сәттерді ықыласпен естелікке қалдырды.
Бүгін ерекше символдық мәнге ие бір сәт болды: біздің бірінші сынып оқушылары мектептегі жаңа жолын табиғатқа деген қамқорлықтан бастады.
Егілген кішкентай дән — Алғашқы жасыл қадам — Үлкен болашақ.
Осы өскін оқушыларымызбен бірге өсіп, тамыр жайып, әрқайсымыздың әлемді жақсы жаққа өзгерте алатынымызды еске салып тұрсын!
ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ALPAMYS SCHOOL!