6 мамыр күні мектебімізде ерекше премьера өтті — қосымша білім беру педагогы Алдонғар Серікболсын Сырлыбайұлының жетекшілігімен мектептің театр студиясы дайындаған «Соғыс балалары» спектаклі көрермен назарына ұсынылды.
Қойылым соғыс жылдарындағы балалар тағдырына терең әрі шынайы үңілуге мүмкіндік берді. Сахнадан аштық, жақындарынан айырылу, достарымен қоштасу туралы естеліктермен қатар, Отан үшін, Ұлы Жеңіс үшін жасалған еңбек және жауынгерлік ерлік, қайсарлық пен төзімділік туралы әсерлі оқиғалар баяндалды.
Жас әртістер әрбір сөзді жүректерінен өткізіп, шынайы оқиғаларды үлкен әсермен және шеберлікпен жеткізе білді. Олардың ойыны көрермендерді бейжай қалдырмады: көрермендер көз жастарын жасыра алмай, жас таланттардың өнеріне тәнті болды.
Қойылымның ауыр әрі драмалық тақырыбына қарамастан, бастауыш сынып мұғалімі Полина Александровна Лебедеваның орындауындағы әсерлі әндер спектакльге ерекше жылулық пен көркемдік сыйлады.
Спектакльге театр студиясының жиырмадан астам тәрбиеленушісі қатысты. Үлкен еңбек пен шабыттың нәтижесі болған бұл қойылымды ұжымның жылдық шығармашылық есебі деуге толық негіз бар.
Жас әртістерді мектеп директоры Мейрам Жакенов құттықтады. Ол қойылымның ерекше әсер қалдырғанын атап өтіп, оқушылардың тарихымыздың маңызды беттерін көрерменге шынайы жеткізе алғанын жоғары бағалады.
Сондай-ақ, жас актерлерге көрермендер мен қонақтар тарапынан көптеген жылы лебіздер айтылды. «Соғыс балалары» спектаклі — өткенді ұмытпай, бейбіт өмірдің қадірін түсініп, тарихты келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын еске салған тағылымды туынды болды.