Alpamys School мектебінде Наурыз бүкіл мектеп қауымдастығын біріктіретін ерекше мереке. Бұл – дәстүр мен шығармашылық тоғысқан, жылы жүздесулер мен шаттыққа толы уақыт.
18 наурыз күні мектепте көптеген қонақтардың басын қосқан ALPAMYS NAURYZ FEST мерекесі өтті. Мерекелік бағдарлама бойынша шеберлік сабақтары, спорттық жарыстар, концерттік бағдарламалар және түрлі қызықты іс-шаралар ұйымдастырылды.
Ата-аналар балаларға шеберлік сабақтарын өткізіп, тақияны әсемдеуді, ұлттық ою-өрнектермен шоперлерді безендіруді, кесеге өрнек салуды және шашқа қадайтын этностильдегі тарақ жасауды үйретті. Мұндай шығармашылық жұмыстар балаларға халықтық қолөнермен танысып, ұлттық дәстүрлерді тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Мектептің бірінші қабатында ұлттық киімдердің мерекелік көрсетілімі — ETNO DEFİLE «ALPAMYS FASHION» өтті. Аналар мен әжелер балаларымен бірге сәнді әрі талғамды қазақтың ұлттық киімдерін таныстырып, мерекеге жарқын бояу мен ұлттық нақыш сыйлады.
Спорт залында ұлттық спорт түрлерінен көңілді жарыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар садақ атуда мергендіктерін сынап, қол күресінде бақ сынасты, арқан тарту жарысына қатысты, асық ойындарында ептіліктерін көрсетті.
Акт залында қонақтарды «Шырқа, Наурыз!» атты музыкалық шашу күтіп тұрды. Концерттік бағдарламада халық әндері шырқалды, күйлер тартылып, ұлттық билер орындалды.
Акт залының алдында оқушылар қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. Мұнда әрбір келуші игі іске қолдау білдіріп, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге өз үлесін қоса алды.
Наурыз көже, бауырсақ және басқа да ұлттық тағамдардың хош иісі мерекенің көркін одан әрі аша түсті. Қонақтар дәстүрлі тағамдардан дәм татып, әңгіме-дүкен құрып, мерекелік көңіл күймен бөлісті.
Alpamys School мектебіндегі Наурыз той балалар, ата-аналар мен ұстаздар бірге жиналғанда дәстүрлер жаңғырып, ортақ тарихымыздың бір бөлігіне айналатынын тағы бір дәлелдеді.