Наурыз айы Alpamys School мектебінде көңілге шаттық сыйлаған көктем мерекесінің айдарымен басталды. Апта бойы мектепте аналар мен әжелерге арналған шығармашылық іс-шаралар мен құттықтау бағдарламалары ұйымдастырылды.
Бастауыш сыныптарда «Әлем анадан басталады» атты сурет байқауы өтті. Сонымен қатар шығармашылық шеберханалар жұмыс істеп, оқушылар ең жақын жандарына арнап өз қолдарымен сыйлықтар дайындады. Аптаның сәнін келтірген мерекелік ертеңгіліктерде оқушылар өлең оқып, ән айтып, би билеп, ана-әжелерін құттықтады.
Сондай-ақ, 5–10 сынып оқушылары үшін арнайы байқаулар бағдарламасы ұйымдастырылды. 7–10 сыныптар арасында дәстүрлі «Алпамыс аруы мен Алпамыс сұлтаны» мектеп байқауы өтіп, қатысушылар өздерінің шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін ортаға салды.
Аптаның әсерлі сәттерінің бірі – 5-6 сынып командалары арасында «Girls Power» байқауы болды. Бұл байқау командалық өзара әрекеттестікті, шығармашылық және зияткерлік дағдыларды дамытуға бағытталды. Қатысушылар шығармашылық, тапқырлық және командада жұмыс істей білу деңгейін айқындады.
Мерекелік аптаның қорытындысы ретінде мектептің жас таланттары қатысқан концерт өтті. Мерекелік бағдарлама аясында жас өнерпаздар әсем ән мен биден шашу шашты.
Өткізілген мерекелік іс-шаралар мектеп өмірінің маңызды бөлігіне айналып, оқушыларға өз таланттарын көрсетуге және мектепішілік шығармашылық шараларға белсенді қатысуға мүмкіндік берді.