Alpamys School ұжымының мерекелік таңы ұстаздар үшін ерекше тосын сыймен басталды.
Таңертең жұмысқа келген мұғалімдерді Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің тәрбиеленушілері қарсы алды.
Халықаралық ұстаздар күніне орай курсанттар ұстаздарға әсерлі әндер мен аспаптық ансамбльдің орындауындағы әсем әуендер сыйлады.
Кәсіби мерекенің басты оқиғасы – Өзін-өзі басқару күні болды. Бұл күні оқушылар мұғалімдердің орнында өздерін ұстаз рөлінде сынап көрді. Олар ұстаз мамандығының қаншалықты жауапты әрі күрделі екенін, тәртіпті сақтаудың және әр сабаққа мұқият дайындалудың маңыздылығын сезінді. Ал педагогтар бір сәт демалып, мектеп өміріне басқа қырынан қарауға мүмкіндік алды.
Шоқ-шоқ гүлдер мен ерекше құттықтаулар ұжымда бірлік пен шабыт рухын қалыптастырды. Сабақтардан кейін мектеп ұжымы мерекелік гала-концертке жиналды. Мектеп сахнасында түрлі шығармашылық топтар мен жас өнерпаздар өнер көрсетті.
Салтанатты бөлімде кәсіби қызметінде жоғары жетістіктерге жеткен ұстаздарға ведомстволық марапаттар мен алғыс хаттар табыс етілді.
Бастауыш сынып мұғалімі Светлана Анатольевна Зайцева «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.
Мерекелік бағдарлама 6 «А» сынып оқушыларының (сынып жетекшісі И. Р. Гросс) дайындаған «Шәмші — ән өнерінің өшпес қазынасы» атты театрландырылған қойылыммен аяқталды.
Халықаралық ұстаздар күніне арналған бұл мерекелік шаралар Alpamys School ұстаздарының еңбегіне, кәсіби шеберлігі мен өз ісіне адалдығына деген зор құрмет пен ризашылықтың жарқын көрінісіне айналды.