«Alpamys Summer Camp – 2025» бірінші маусымнан репортаж
2025 жылдың 26 мамырында «Alpamys Summer Camp» жазғы бағдарламасының «Уақыт саяхатшылары» атты бірінші маусымы басталды.
Лагерьдің бірінші күнінен бастап қатысушылар шытырман оқиғалы атмосфераға бойлады: күн сайын уақыт порталы арқылы түрлі дәуірге – адамзат баласы пайда болған кезеңнен бастап алыс болашаққа саяхатқа аттанды.
Бірінші аптада балалар көне Мысырдың құпияларын ашты, Ежелгі Грецияда болып, Олимпия ойындарына қатысты, орта ғасырлардағы оқиғалармен, тарихи жәдігерлермен танысты.
Жаңалықтарға толы әр күнгі барлық маңызды сәттерді есте сақтау үшін балаларда «Уақыт саяхатшысының жеке күнделігі» бар. Онда қатысушылар танымдық тапсырмаларды орындап, өткен дәуірлерге маршрут карталарын жасайды және алған әсерлерімен бөліседі. Бұл күнделік оқушылардың жазғы демалысы туралы естелік кітапша ғана емес, лагерьдің оқу-тәрбие процесінің маңызды бөлігі болып табылады.
Лагерь бағдарламасы аясында бүлдіршіндер қазақ және ағылшын тілдерінен сабақ алады, спорттық және шығармашылық үйірмелерге қатысады, сондай-ақ бассейнде жүзіп үйренеді.
Балалардың белсенді жазғы демалысы денсаулыққа деген қамқорлықпен ұтымды үйлеседі: қатысушылар витаминді-минералды кешенмен байытылған үш реттік нәрлі тамақпен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, жас саяхатшылар үшін Ұлттық мұражайға экскурсия көзделген, онда балалар әртүрлі дәуірлердегі экспонаттарды өз көздерімен көріп, мәдениет пен тарих туралы білімдерін толықтыра алады.
Маусым соңында қатысушылар алған білімдерін, қиялын және шығармашылығын қолдана отырып болашақ қаласының жобасын жасайтын болады.
9 маусымда қаржылық сауаттылық негіздеріне арналған «FINGENIO» атты жазғы лагерьдің екінші маусымы басталады. Онда оқушылар өздерін кәсіпкерлер рөлінде сынап көреді, жеке бюджетті жоспарлауды, ақшаны ақылмен жұмсауды және қызықты экономикалық ойын аясында өз ресурстарын басқаруды үйренеді.