1 қыркүйек күні Алпамыс мектебі жаңа оқу жылының басталуын айшықтаған «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты шараға мектеп ұжымын толық жинады.
Салтанатты жиынды мектеп директоры Мейрам Амиржанұлы Жакенов құттықтау сөзімен ашты. Ол оқушыларды, ата-аналарды және ұстаздарды Білім күнімен шын жүректен құттықтады.
«Alpamys School өз оқушыларымен бірге өсіп, дамып келеді! Биыл алғаш рет 240-тан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттап, жалпы оқушылар саны 1000-нан асты. Олардың әрқайсысы ғылымға, шығармашылыққа және өзін-өзі дамытуға апарар өз жолын бастайды» — деп атап өтті мектеп басшысы.
Сондай-ақ салтанатты шарада Абай академиясының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Аубакиров Жандос Магазбекұлы сөз сөйледі. Ол биылғы ерекше жыл — Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуын айрықша атап өтіп, шәкірттерді әлемді танып-білуге деген құштарлықты сақтауға шақырды. Бұл қасиетті ұлы ойшыл әрдайым жоғары бағалағанына тоқталды.
Мерекенің әсерлі сәттерінің бірі — Мектеп шежіре кітабының табысталу рәсімі болды: түлектер оны бірінші сынып оқушыларына табыстап, ұрпақтар сабақтастығын және мектеп бірлігін паш етті.
Бірінші сыныпқа келген балаларға мектеп ерекше сыйлықтар дайындады: Алпамыс батырдың ерліктері туралы кітап, батырдың сенімді серігі — Тайшұбар аттың жұмсақ ойыншығы және оқушының аты жазылған арнайы құттықтау қағазы балдырғандарға табыс етілді.
Мерекелік салтанаттың шарықтау шегі – дәстүрлі алғашқы қоңырау рәсімі болды. 1 «К» сынып оқушысы Таисия Афонина мен 11 «А» сынып оқушысы, оқу озаты Бақытжан Әмірхан қоңырау соғып, жаңа оқу жылының басталғанын жария етті.
2025–2026 оқу жылы барлық оқушылар үшін жарқын жаңалықтарға, шабыт пен табыстарға толы болсын! Ал Алпамыс мектебі жаңа жетістіктер мен жеңістерге жете берсін!