Alpamys School мектебінде қытай тілі төртінші жыл сәтті оқытылып келеді. Бүгінде оны 2- 9-сыныпқа дейін шамамен 800 оқушы оқып үйренуде. Мектепте қытай тілін үйрену — бұл тек оқу пәні емес, жаңа мүмкіндіктерге, өзара түсіністікке және жаһандық болашаққа апаратын шынайы көпір.
Балалар үлкен қызығушылықпен Қытай мәдениетімен, дәстүрлерімен танысады. Олар жыл сайын халықаралық «Қытай тілі көпірі» байқауына қатысады, мектеп атын абыроймен қорғап, жүлделі орындарға ие болады.
Жақында мектепте әлемдегі ең көркем әрі шабыттандыратын мерекелердің бірі — Қытай Жаңа жылын қарсы алуға арналған салтанатты шара ұйымдастырылды.
Мерекелік бағдарламаны ашқан мектеп директоры Мейрам Әміржанұлы Жакенов шетел тілдерін меңгеру оқушыларға жаңа көкжиектер ашатынын және олардың болашақ мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті.
Мерекеге құрметті қонақтар: «Литер» газеті бас редакторының орынбасары Мира Рахимбековна Алипинова және ҚХР жоғары оқу орындарының түлектері қауымдастығының төрайымы Айгерим Негметжан қатысты.
Мира Алипинова Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Мемлекеттік басқару туралы» атты төрт томдық кітабын мектеп кітапханасына сыйға тартты.
Айгерим Негметжан қатысушыларды Жаңа жылмен құттықтап, қытай тіліне қызығушылық бүгінгі таңда ерте жастан артатынын атап өтті. Ол балаларға шетел тілдерін үйренуге ерекше көңіл бөлуді, себебі бұл жеке дамуға және болашақта кәсіби жетістікке жетудің маңызды қадамы екенін ескертті.
Оқушылар дайындаған музыкалық нөмірлер мерекенің ерекше сәнін кіргізді. Сахнада қытай тілінде өлеңдер оқылып, әндер шырқалды. Әсем қолшатырлармен орындалған би көрінісін көрермендер қуана қабылдады.
Мерекеге қатысқан Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 гимназия мектебінің өкілдері әсерлі қытай әнін орындап, мектепаралық мәдени диалогтың үлгісін көрсетті.
Алпамыс мектебінің 4 «Н» сынып оқушысы Қаматай Сананың ежелгі қытай аспабы гуцинде орындаған «Сұлу туралы ән» көпшіліктің көңілінен шықты. Аспаптың әуезді үні балаларға қытай мәдениетіне шынайы бойлауға мүмкіндік сыйлады.
Мереке мәдениеттер арасындағы достық пен Alpamys School-дың халықаралық байланыстарды дамытуға деген талпынысын айшықтады.